|
Форум жұмысына 20-дан астам елден келген барлық әлемдік дәстүрлі діндер мен конфессиялар: ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм және басқа да өкілдерінен тұратын 43 делегация қатысып отыр. Құрметті меймандар ретінде олардың арасында ЮНЕСКО-ның бас директоры Коичиро Мацуура, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзе, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Мохаммад Махатхир бар белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ түрлі елдердің заң шығарушы органдарының, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері шақырылған.
- Осымен екінші рет Астана аспаны астында осыншалық үлкен форум жиналып отыр. Сіздерге хош келіпсіздер дей отырып, мәртебелі меймандарымызға өзімнің ризашылығым мен алғысымды білдіргім келеді. Мен оның құрылысы туралы біздің алғашқы форумда айтқан Бейбітшілік және келісім сарайы бүгін тұңғыш рет Сіздерге есігін ашып отыр. Осында, Астанада 2003 жылы болған әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші съезі күллі әлемнің назарын өзіне аударды.
Осыған дейін конфессиялар өкілдері осыншалық көп жиналған мұндай форум болған емес. Астанадағы сол кездесу өңірлік әрі әлемдік ауқымда діндер арасындағы жаһандық диалогқа, түрлі конференциялар форумдарына маңызды ұйытқы болды. Бүгін біз Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының екінші съезін ашып отырмыз. Егер осыдан үш жыл бұрын біздің форумға 17 конфессиялық делегация қатысқан болса, қазіргі Съезге 29 делегация қатысып отыр. Бұл серпін назар аударуға тұрарлық және біздің форумның өскелең беделін білдіреді. Ол өзара түсіністік, қазіргі әлемде туындаған күрделі мәселелерге бірлесіп жауап іздеу жолымен біздің бірге жүріп келе жатқанымызды білдіреді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев Съездің ашылуында. Қазақстан Президенті өзінің сөйлеген сөзінде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларын өзара өркениетті диалог жолында үш «түсіністік принциптерін» ұстануға шақырды.
- Жанжалға толы әлемдегі қазіргі заманғы диалог көбінесе керең мен сақаудың арасындағы диалогты еске түсіреді. Тараптар ол біткен соң өздерінің кінәсіздігіне тағы да бір көз жеткізіп қайтатын диалогтың түкке де қажеті жоқ. Менің пікірімше, түрлі салаларда қолданылып жүрген принциптерді осы салада да қолдануға болады. Мен оларды түсіністік принциптері деп атар едім. Біріншіден, алдын ала ұйғармау, ғасырлар бойы қалыптасқан өзара қабылдау стереотиптерінен бас тарту. Менің саясаткерлік тәжірибем бір нәрсе туралы - өз стереотиптеріңнен аттап өте алуың керек дегенді айтады. Екіншіден, біреудің қастерлі саласына қол сұғудан саналы түрде бас тарту. Біреу үшін қасиетті саналатын нәрсе екінші біреудің әжуасына немесе келеке-күлкісіне айналмауға тиіс. Бұл - қарапайым ғана қағида, өкінішке қарай, оны журналистер мен саясаткерлер ғана емес, өзге діндерге қатысты өз сөздеріне жүрдім-бардым қарайтын дін уағыздаушылардың өздері де жиі бұзып жүр. Үшіншіден, жаңа, бейқалып қатерлерге қарсы әлемдік және дәстүрлі діндердің бірлескен жауабы. Егер саясат әлемінде осындай бейқалып қатерлер лаңкестікпен, жаппай қырып-жоятын қаруды таратумен, трансшекаралық қылмыспен байланысты болса, дін әлемінде тамыры одан да тереңге тартатын қатер туындап отыр. Бұл алшақтық мыңдаған жылдық діни дәстүрлермен байланысты. Бұл - әлемдік дін дәстүрлерімен сабақтасып жатқан діндарлықтың түрін түбегейлі теріске шығару. Қазіргі заманғы діни институттардың іргесін шайқалтуы бек мүмкін осы қатерді бажайламау өзектілігін әлдеқашан жоғалтқан дау-шарды қайта тірілтіп отыр. Қазіргі әлемдегі діни ахуал аса серпінді болып отыр әрі діни институттар - бәрібір жаңа тәуекелшілдікті және өз негіздеріне төнетін қатерді ескеруге мәжбүр болатын қоғамның бір бөлшегі, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Съезге қатысушылармен көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесімен бөлісті.
Съездің басты тақырыбы - «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік». Форумға қатысушылар екі күн бойы сенім бостандығы мен басқа дін өкілдеріне сыйластық, сондай-ақ дін басыларының халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі туралы пікір алмасады. |