ӘЛЕМДIK ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛI ДIНДЕР
ЛИДЕРЛЕРIНIҢ СЪЕЗI
Басты бет arrow Хатшылық arrow Хатшылықтың IX отырысы arrow Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ІХ отырысының ашылуында сөйлеген сөзі
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ІХ отырысының ашылуында сөйлеген сөзі Версия для печати e-mail - ға жіберу

2 желтоқсан, 2009 жыл, Астана қ.


Аса мәртебелі мырзалар!

Құрметті қонақтар!

 

Сіздермен Астана төрінде қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Қазақстанның бас қаласындағы кездесулеріміздің игі дәстүрге айналғаны да көңіл  толтырады. Осыған орай Сіздерге және делегация басшыларына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына тұрақты және белсене қатысуларыңыз үшін ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіздер.

Бұл беделі мен ықпалы шүбәсіз кеңейіп келе жатқан біздің ортақ Форумға үлкен қолдау. Осы отырыстың қорытындылары Съездің бұдан былайғы табысты қызметіне жаңа серпін беретініне кәміл сенімдімін.

Сондықтан қазіргі таңда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жемісті дамып келе жатқындығын зор сеніммен айта аламыз. Алайда осы жетістіктерімізді бекітіп, көбейту үшін бізге алдағы уақыттарды көп еңбек етуіміз қажет. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысушы әр конфессия өкілі миллиондаған адамдардың игі арманы мен аманатын жеткізетін Қайырымдылық елшісі іспетті. Әрбір адамның баянды бейбітшілікті аңсайтыны, қантөгістердің тоқтатылуын тілеп, діндер арасындағы үндестіктің (диалогтың) дамуына үміт артатыны және осыған ұмтылатыны аян. Әр адам үйлесімді де жарасымды бақытты өмірді армандайды. 

Бұл мақсаттарға қол жеткізер жолдардың бірі діни төзімділікті,  конструктивті үнқатысу (диалог) мен өзара сенімді дамыту болып табылады. Діннің негізі бұрмаланбай, дін туралы ғылым саясат пен идеологияның құралына айналмауы тиіс. 

Бүгінде бізге жауапты миссияны орындау сеніммен тапсырылып отыр және оның табысты іске асырылуы барлығымыздың күш-жігерімізді біріктіруді қажет етеді. Осыған Сіздердің барлығыңызды шақырамын.

Бұл үшінші Съезден кейін өткізіліп отырған  Хатшылықтың бірінші отырысы. Бүгінгі жұмыс Съез жұмысын қорытындылап, біздің 2012 жылға дейінгі іс-қимылдарымызды жоспарлауға мүмкіндік береді деп ойлаймын, мұнда дінаралық саммит жұмысын одан әрі жетілдіруді басты мақсат ретінде айқындауға болады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы институттарының техникалық қолдауымен өткен үшінші Съез жұмысына әлемнің 35 елінен 80 делегация қатысты.  Әлемдік қауымдастық тарапынан Съезге деген қызығушылықтың артуы форумның халықаралық үнқатысу (диалог)  алаңына айналғанының бұлтартпас дәлелі. Саммит діндер арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру бойынша жаһандық процесстің (үдерістің) ажырамас және аса маңызды бөлігі болып есептеледі. Бұл  - өзара қолдау мен сенімнің, сонымен қатар ортақ істің табыстылығына сенудің айқын куәсі, бұған біздің бірлескен қызметіміздің де  елеулі дәрежеде ықпал еткендігі сөзсіз.

Өздеріңізге белгілі, 2003 жылдан бері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және қолдауымен өткізіліп келе жатқан дінаралық форум әлемде дінаралық келісімнің алға басуы үшін және өркениеттер арасында үйлесімділікке қол жеткізуде аса маңызды роль ойнайды. Бұл фактыны әлемдік қауымдастық мойындап отыр.

Өткен жаздағы саммит кезінде саммитке қатысушылар әлемнің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіретін қазіргі уақыттың көкейкесті мәселелерін жан-жақты талқылады. Оларды шешу жолдарын іздестіру мәселелері бойынша мазмұнды да қызықты пікір алмасу өтті.

Пленарлық және секциялық отырыстарда айтылған өсиет сөздер, сонымен қатар Съезге қатысушылар Үндеуі діндер және халықтар арасындағы өзара түсіністіктің тереңдеуіне ықпал етті. Бірлік пен достыққа шақырған идеялар бізді әралуандылық пен үйлесімділікке негізделген бейбітсүйгіш қоғам қалыптастыруға біртабан жақындатты.

Қазақстанның бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысушылардың Үндеуі Біріккен Ұлттар Ұйымында Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты ретінде таратылды. Бұл үлкен жетістік. Бұл біздің ортақ табысымыз.

Біздің еліміз әлемдік қауымдастықта саяси жүйесі тұрақты, қоғамдық келісім мен тұрақтылық орнаған, конфессиялардың еркін және бейбіт қатар өмір сүруіне барлық жағдай жасалған ел ретінде танылды.

Этносаралық қарым-қатынастарды дамытудың бірегей құралына, бейбітшілік пен өзара сыйластықтың сенімді тірегіне айналған Қазақстан халықтарының ассамблеясы бұл іске үлкен үлес қосуда.

Қазақстанның дінаралық келісімді қамтамасыз ету іс-тәжірибесі көптеген батыс және шығыс елдерінде зерттелуде.

Келесі жылдан бастап Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық  ұйымына төрағалық етеді, ал 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымын басқарады. Мұндай беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету Қазақстанға мұсылмандық мемелекеттер мен батыс елдері арасындағы дінаралық, өркениетаралық және мәдениетаралық үнқатысудың (диалогтың)  дамуына лайықты үлес қосу мүмкіндігін береді. Діндер арасындағы өзара түсінісушілік пен үйлесімділік біздің төрағалық етуіміздің маңызды мәселелерінің бірі болады.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстанның бастамасы  бойынша 2010 жылды Мәдениеттердің жақындасуы жылы деп жариялау туралы БҰҰ-ның арнайы резолюциясы қабылданды.

Біздің ел ішіндегі және халықаралық аренадағы жетістіктеріміз бейбітшілікті және қазақстандықтардың бірігуі басты байлық болып  табылатын, экономикасы нарыққа бейімделген демократиялық мемлекет құруды мақсат еткен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дана да салиқалы саясатының нәтижесі.

Біз Астана қаласында ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының саммитін өткізу туралы бастама көтердік, оның күн тәртібіне  Этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету бойынша іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеуді енгізуді ұсынып отырмыз. Бұны алдағы жылдың жазында өткізу жоспарланды. Бұл идея біздің Ұйым бойынша әріптестеріміздің барлығының қолдауына ие болуда.

Осындай іс-шаралардың барысында талқыға салынатын маңызды тақырыптардың көбісі /дені/ біздің форум идеяларымен үндес. Шындығында да, Съездің мақсаты толеранттылық пен өзара  түсінісушілік қағидаттарын, үнқатысу (диалог)  және бірлескен қызметті нығайту болып табылады.

Құрметті қатысушылар,

Біздің ортақ мақсатымыз Съез жұмысын одан әрі  жетілдіру болуы тиіс, ал кездесу лейтмотиві - өркениеттер мен діндер үнқатысуының (диалогының) жаһандық үдерісіндегі (процесіндегі) оның ролі  мен мәнін күшейту. Сондықтан да бізге жаңа идеялар мен жаңа ұсыныстар көтеру керек. Бұл отырыс осы жұмыстың басы болады деп ойлаймын.

Күн тәртібінің келесі тармақтары бойынша пікір алмасуды ұсынамын.

Бірінші мәселе - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері  үшінші Съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасу. Форумға қатысушылар тарапынан оның жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар келіп түсті. Олардың арасында: қазіргі заманның көкейкесті мәселелері бойынша  секциялық отырыстардың санын көбейту, Съез қызметіне әйелдерді кеңінен тарту. Сонымен қатар дінаралық толеранттылықты күшейтуге бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеу, діндер арасында конструктивті үнқатысу (диалог) жүргізу тұжырымдамасын талқылау сияқты бастамалар да ұсынылуда.

Осыған орай, құрметті қонақтар, өткен Форум бойынша Сіздердің пікірлеріңізді тыңдасам деймін, бұның 2012 жылы өтетін төртінші Съезді дайындау үшін пайдасы зор.

Екінші мәселе - Съез Хатшылығының жұмысы.

Өздеріңізге белгілі, Хатшылық бірінші Съез барысында қорытынды құжаттарды дайындауға және жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібін белгілеуге арналған жұмысшы орган ретінде құрылған болатын. Оның құрамына Съез жұмысына қатысқан әрбір діни бірлестіктен бір өкілден енді.

Осы уақытқа дейін Хатшылық өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде және табыспен атқарды.

Алайда уақыт өткен сайын форумға қатысушылар құрамы едәуір кеңейді, Хатшылық мүшелерінің саны ұлғайды. Бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдер жеделдігі мен құжаттардың жобасын дайындау үдерісіне (процесіне) әсер ете бастады. Осыған байланысты 2007 жылы Хатшылықтың алтыншы отырысында үшінші Съездің қорытынды құжатының жобасын дайындау бойынша арнайы Жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Хатшылық жұмысына қатысуға тілек білдірушілер санының артуын ескере отырып, біз бұл сұрақты Сіздердің қарауларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Өз тарапымыздан «Съез аналогына» айналып кетпес үшін, Хатшылықтың сандық құрамын шектеген дұрыс деп есептейміз. Қажет болған жағдайда ротация принципін (қағидатын) қарауға болады.

Бұдан басқа, 9-10 адамнан тұратын жаңа Жұмыс тобын құру туралы мәселені қарау қажет,  ол топ жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібін әзірлеумен және қорытынды құжаттың жобасын даййындаумен айналысады.

Бұдан бұрын құрылған жұмыс тобы өз миссиясын орындап шықты. Осыған байланысты аталған топқа қатысу үшін кандидаттар бойынша өз ұсыныстарыңызды берулеріңізді өтінемін. Топ мүшелері Хатшылық атынан сөйлеуге және шешімдер қабылдау үшін қажетті өкілеттіктерге ие болуы тиіс деп есептеймін. Бұл форум барысында туындайтын түрлі сұрақтар бойынша жедел шешімдер қабылдауға оң (позитивті) әсер етеді.

Үшінші - алдағы Съездің өту мерзімдері, оның тақырыптары мен күн тәртібі бойынша пікір алмасу. Құрметті қонақтар, белгіленген сұрақтар шеңберінде өз пікірлеріңізді білдірулеріңізді өтінемін.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, солнымен қатар өткен Съездің шешіміне сәйкес, келесі форум 2012 жылы Астанада өтеді. Өз тарапымыздан кезекі саммитті 2012 жылдың қыркүйегінде немесе қазан айының басында өткізуді ұсынамыз.

Сол сияқты осы отырыс барысында біз Съез Хатшылығының оныншы отырысын өткізу күнін белгілеп алуымыз керек.

Барлығыңыздың да жұмыс кестелеріңіздің тығыз екендігі бізге белгілі. Оған қоса, жол да жеңіл емес. Сондықтан келесі отырысты 2011 жылдың бірінші декадасында өткізуді ұсынамыз. Бұл уақытқа дейін осы отырыстың қорытындылары бойынша құрылатын Жұмыс тобы  қажетті құжаттардың жобаларын әзірлеп, төртінші Съездің күн тәртібі бойынша өзара келісілген ұсыныстар дайындайды. Бұл жағдайда Хатшылықтың келесі отырысы мазмұндырақ және конструктивті болады. Жұмыс тобының мүшелері электронды пошта арқылы хабар алмаса алады, ал қажет болған жағдайда Астанада кездесулер өткізуіне болады.

Дәстүр бойынша бүгін және ертең талқыланатын мәселелер бойынша қабылданған шешімдерді бекіту мақсатында жұмыс аяқталған соң, Хатшылық отырысының хаттамасын қабылдауды ұсынамыз.

Бұл ұсыныстар біздің алдағы жұмыстарымызға жарамды негіз болады деп сенемін. Отырыс соңында  біз талқыға салынған мәселелердің барлығы бойынша бірыңғай пікірге келеміз деп сенемін.

Жұмыстарыңыз жемісті болсын.

 

 
< Алд.   Кел. >
 

Iздеу