ӘЛЕМДIK ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛI ДIНДЕР
ЛИДЕРЛЕРIНIҢ СЪЕЗI
Басты бет arrow Оқиғалар arrow «Діндер терроризмге қарсы» конференциясына бүкіл дүние жүзінің парламентшілері мен діни қайраткерлер келеді
«Діндер терроризмге қарсы» конференциясына бүкіл дүние жүзінің парламентшілері мен діни қайраткерлер келеді Версия для печати e-mail - ға жіберу

 Image

31 мамырда Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы өтеді. Аталған шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында ұсынған халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларын іске асыру аясында өткізіледі. Конференция 1 маусымда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының кезекті отырысының қарсаңында болады. 

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Діндер терроризмге қарсы» конференциясының ерекшелігі оған қатысушылардың бірегей құрамында болып отыр. «Парламентшілер, діни қайраткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары мен сарапшылар терроризмге қарсы күрес мәселелерін талқылау үшін алғаш рет бір үстел басында жиналмақ. Қатысушылардың осындай өкілетті құрамы Қазақстанның бастамашылығымен шақырылған форумның айрықша маңыздылығын көрсетеді», деді Төраға. «Конференция Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясында басталған саяси және діни қайраткерлер үнқатысуының қисынды жалғасына айналады. Өздеріңізге мәлім болғандай, БҰҰ Бас хатшысы, Иордания Королі, Финляндия Президенті, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары алғаш рет қатысқан, 2015 жылы өткен бесінші Съезд жаңа тұрпаттағы үнқатысудың қажеттігін нақтылай түсті», - деп атап өтті Сенат Төрағасы. Қ.Тоқаевтың айтуынша, «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесіндегі Қазақстан Президенті көтерген жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі идеяларды дамыту конференцияның маңызды тақырыбына айналмақ. «Халықаралық қоғамдастық Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруші рөлін, оның ішінде терроризммен күреске қатысты қызметін нығайтуы қажет. Форум барысында біз Қазақстан көшбасшысының адамзатты соғыстар мен қақтығыстардан құтқару жөніндегі бастамаларын талқылауды жоспарлап отырмыз», - деді Төраға. Төрағаның пікірінше, «Діндер терроризмге қарсы» конференциясы терроризммен күрестегі діни қайраткерлердің негізгі рөлін айқындаумен қатар, антитеррористік қызметтің парламенттік өлшемін нығайтуға арналған. Халықаралық терроризмге қарсы құқықтық іс-қимылды жетілдіріп, осы қатерге қарсы күресте парламенттік дипломатияның әлеуетін іске қосу маңызды». Конференция жұмысына ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Роберто Монтелла, Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық ұлттық кеңесінің Төрағасы Амаль Абдалла аль-Кубейси, Мысырдың уақып істері жөніндегі министрі Мухтар Джума, «Өркениеттер үнқатысуы» Дүниежүзілік қоғамдық форумы Халықаралық үйлестіру комитетінің Төрағасы Вальтер Швиммер, Халықаралық бейбітшілік институтының Президенті Терье Род-Ларсен, ТМД ПАА, БҰҰ Өркениеттер альянсы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ, АӨСШК және Король Абдалла атындағы Дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу Халықаралық орталығының өкілдері қатысады. Жалпы, әлемнің 41 елінен, оның ішінде Аустрия, Әзербайжан, Ауғанстан, Беларусь, Ұлыбритания, Мажарстан, Германия, Грекия, Грузия, Иран, Италия, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Нидерланды, Пәкістан, Ресей, Румыния, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түркия, Франция, Чехия, Швециядан және басқа да елдерден 63 делегация қатысады деп күтілуде. Одан басқа, форумға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм және индуизм діндерінен өкілеттік ететін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының мүшелері қатысады. Атап айтқанда, Астанаға Аль-Азхар университетінің, Дүниежүзілік ислам лигасының, Мәскеу Патриархатының, Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа Кеңесінің (Ватикан), Дүиежүзілік Лютеран Федерациясының, Англикан шіркеуінің, Константинополь Патриархатының, Армян апостоль шіркеуінің, Израиль бас сефардтық және ашкеназдық раввиндерінің, Дүниежүзілік буддистер қауымдастығының, Дао ассоциациясының, «Сомаия Бхаратия Санскрити Питам» үнді мәдениет орталығы мен т.б. ұйымдардың басшылары мен өкілдері келеді.
 
< Алд.   Кел. >