ӘЛЕМДIK ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛI ДIНДЕР
ЛИДЕРЛЕРIНIҢ СЪЕЗI
Басты бет arrow Оқиғалар arrow Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының ашылуында сөйлеген сөзі (Астана, 2016 жылғы 31 мамыр)
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының ашылуында сөйлеген сөзі (Астана, 2016 жылғы 31 мамыр) Версия для печати e-mail - ға жіберу
Image

 

Құрметті конференцияға қатысушылар!   

         Біз Сіздермен «Діндер терроризмге қарсы» Халықаралық конференциясының аясында жүздесіп отырғанымызға  қуаныштымыз. Бүгін біздің іс-шарамызға халықаралық ұйымдардың басшылары, әлем елдері парламенттерінің депутаттары, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының мүшелері, сонымен қатар дипломатиялық корпус басшылары мен сарапшылар қатысып отыр.

 

Терроризм − қазіргі адамзат өркениетіне үлкен қауіп төндіріп отырған қатер. Осыған орай, терроризмге қарсы бірлескен күш-жігерімізді талқылау мақсатында тұңғыш рет осындай бірегей құрамда жиналған маңызды форумға қатысып отырғандарыңыз үшін біз Сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз. 

 

 

         Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға айрықша маңыз бере отырып, форум қатысушыларына өзінің үндеуін жолдады. Соны оқып беруге рұқсат етіңіздер.  

 

  /ҚР Президенті үндеуінің мәтіні/

 

Құрметті конференцияға қатысушылар,   

 

 

Қазақстан Президентінің Үндеуі бүгінгі іс-шараның аса жоғары мән-маңызын көрсетіп отыр.    

 

Осыдан он үш жыл бұрын Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастама көтерді, содан бері бұл бірегей форум Астанада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осыған дейін өткізілген бес Съезд осы диалог алаңының XXI ғасырда айрықша қажет екенін көрсетіп отыр. Осы жылдар ішінде Съездің ауқымды құжаттамалық негізі қалыптасты, онда әлемдегі діни қайраткерлердің қазіргі заманның барлық өзекті мәселелері бойынша ортақ ұстанымдары мен көзқарастары көрсетілген. Олардың қатарында дінаралық диалог қағидаттары, жаһандану жағдайындағы мәдениеттердің ықпалдастығы, жалпы адами құндылықтарды сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, терроризмге қарсы іс-қимыл және басқа да мәселелер бар. Астана съездерінің құжаттары консенсус бойынша қабылданған, бірлескен іс-әрекеттердің нәтижесі болып табылады.

 

2015 жылы маусымда өткен форум Съезді жетекші діни және саяси лидерлер диалогінің деңгейіне көтерді. Съезд жұмысына алғаш рет БҰҰ Бас Хатшысы  Пан Ги Мун, Иордания Королі Абдалла II, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және барша діни көшбасшылар қатысты.  

 

Бүгінгі форум осы диалогке жаңа серпін беретініне сенімім мол.

 

2016 жылдың басында әлемнің әр түкпірінде террористік актілердің кезекті толқыны орын алды. Біз террористердің іс-қимылдарының әдістері мен түрлері кеңейе түскендігін көріп отырмыз. Радикалды топтар тұрақты қаржыландыруға ие болып, қазіргі заманғы технологияларды тиімді пайдалануда әрі олар «квазимемлекеттік құрылым» мәртебесіне ашық түрде талаптанып отыр.  

 

Мұндай жаһандық қауіп-қатерге күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады. Қазақстан Президенті конференция қатысушыларына жолдаған үндеуінде терроризмді оқшаулау тәжірибесінен оны жоюдың жалпыға бірдей стратегиясына көшуге табанды түрде шақырып отыр. Мемлекет басшысының ұсыныстары форумның қорытынды құжатында көрініс табады деп сенемін.

 

Терроризм халықаралық құқықты, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық қағидаттары мен тетіктерін, олардың адам құқықтары мен бостандығын қорғау саласындағы міндеттемелерін сынаққа алуда. Бұл сынаққа адамзат өркениетін шоғырландыра түсу арқылы ғана төтеп беруге болады. Қоғамның, ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының алдында дінаралық араздықты туғызуға жол бермейтін әдеп нормаларын әзірлеу және ендіру міндеті тұр.   

 

Кең тұрғыдан алғанда, біз шегіне жеткен кедейлікті, аштық пен түрлі эпидемияларды түбегейлі жоюымыз тиіс, бұл туралы 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарында мәлімдеген болатынбыз. Сондай-ақ, біз терроризмнің негізгі ошағына айналып отырған әскери жанжалдарды реттеуіміз керек.

 

Әсіресе, өскелең ұрпақ терроризмнің аса қауіпті екенін анық түсінуі үшін білім беру және ағартушылық жұмысын жаңа деңгейге көтерудің маңызы зор.   

 

 

Қазақстан Президенті «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде халықаралық құқық пен ынтымақтастық эрозиясының қауіпті екендігін ескертеді. Сондықтан да, дүниежүзі мемлекеттері терроризмге қарсы саясатында БҰҰ-ның әлемдік істердегі орталық үйлестіруші рөліне сүйенуі қажет.  

 

Терроризмге қарсы тұру жеке мемлекеттердің немесе олардың ішіндегі топтардың ғана емес, барша әлем қоғамдастығының міндеті екендігін терең түсінуіміз қажет.

 

Парламенттік дипломатияның мән-маңызының артуымен қатар, қазіргі қоғамда діннің де рөлі едәуір артып отырғаны анық. Діни қайраткерлер мен парламентшілер қалың жұртшылықтың көрнекті және ықпалды өкілдері ретінде алдын алу шаралары, дағдарыс жағдайында басқару және терроризм мен экстремизмнен зардап шеккен қоғамды қалпына келтіру сынды экстремизмге қарсы жұмыстардың барлығына әдістемелік тұрғыдан тартылуы тиіс.      

 

 

Сонымен қатар, біз дінге сенетін адамдардың сезімін қорлайтын экстремистердің дінге қарсы әрекетін айыптайтын ортақ позицияны ұстанғанымыз жөн. Бұл орайда, тағы бір міндет алға шығады: халықаралық-құқықтық деңгейде сөз бостандығы мен Құдайға тіл тигізудің аражігін ажыратып алған орынды.

Бұл тұрақты түрде назар аударуды, диалогті және өзара іс-қимылды талап ететін күрделі де жауапты жұмыс, сондықтан біздің конференциямыз осы жұмысқа оң ықпал етуі қажет. Бүгінгі жиында терроризмге қарсы іс-қимылға лайықты үлес қосатын сындарлы да жемісті талқылау болады деп сенеміз.
 
< Алд.   Кел. >